X
egov

You are here

«Парыз» байқауының мерейтойлық кезеңіне 200 кәсіпкерлік субъектісі қатысуға ниет танытты

Парыз

Қазақстанның барлық өңірінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» және еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлері арасындағы «Еңбек жолы» байқауларына қатысуға өтінімдер қабылдау жалғасуда.

Еске сала кетсек, биыл «Парыз – табыстың 10 жылы» тақырыбында өтетін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы төрт аталымнан тұрады: «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін».

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова атап өткендей, Қазақстанда тәуелсіздік жылдары әлеуметтік жауапкершілік қағидатын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалды. Байқауды өткізген жылдары (2008-2016 жылдары), оған елдің барлық өңірінен 4 мыңнан астам кәсіпорын қатысты.

Былтыр, яғни 2016 жылы бекітілген республикалық «Еңбек жолы» байқауы болса, үш аталым бойынша ұйымдастырылуда: «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері».

Бүгінгі таңда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауына 200 кәсіпкерлік субъектісі қатысуға ниет білдірді. Оның ішінде «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымында – 99, «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымында – 32, «Үздік ұжымдық шарт» аталымында – 43, «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында 26 бизнес өкілі бақ сынамақ.

«Еңбек жолы» байқауына түскен 86 өтінімнің 28-і «Үздік еңбек әулеті» аталымына, 29-ы «Өндірістің үздік жас маманы» аталымына және 29-ы «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымына тиесілі болып отыр.

«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Еңбек күніне орайластырылған өңірлік еңбек форумдарында және қазан айында «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» республикалық форумында өтетін болады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауының жүлдегерлерін желтоқсан айында Мемлекет басшысының өзі марапаттайды деп күтілуде.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық кәсіпкерлер мен еңбеккерлерді «Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларына, сондай-ақ, Еңбек күніне арналған шараларға белсенді қатысуға шақырады.

20 шілде, 2017 - 11:56 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші