Ақмола облысында Еңбекмині күндері өтіп, өңірде қолға алынған жұмыстарға оң баға берілді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Ақмола облысында Еңбекмині күндері өтіп, өңірде қолға алынған жұмыстарға оң баға берілді

Ақмола-қорытынды

Ақмола облысында 17-21 шілде аралығы министр Тамара Дүйсенованың бастамасымен алғаш рет ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күндері өтті.

Тамара Дүйсенова халықпен, еңбек ұжымдарымен, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерімен кездесу барысында жергілікті атқарушы билік тарапымен бірлесе отырып іске асырылуы тиіс басты мақсат-міндеттер туралы әңгімеледі.

«Негізгі көзделген меже, ол – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Үшінші жаңғыру – жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының маңызды тұстарын түсіндіріп, әлеуметтік-еңбек саласында қолға алынған шаралар жайына тоқталу. Төрт күн бойы Министрлік мамандары Ақмола облысы әкімдігіндегі құрылымдық бөлімшелер өкілдерімен тізе қосқан райда атаулы әлеуметтік көмек алатын, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қатысушы азаматтармен, жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған жандармен жолықты. Бұл ретте, бірінші кезекте, жаңа жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу мәселесі әңгіме арқауына айналды», - деп баяндады министр.

Келесі кезекте, ведомство жетекшісінің айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгеріске түсетін атаулы әлеуметтік көмектің қыр-сыры байыпталып, аз қамтылған отбасының еңбекке жарамды мүшесі нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына атсалысатын болса, оны не көмек күтіп тұрғаны тілге тиек етілген.

«Ақмола облысындағы әлеуметтік сипаттағы нысандарды бейімдеуде атқарылған іс-қимылдарды оң бағалағым келеді. Театр мен емхананы аралағанда байқағаным, жұмыс сапасы көңіл толарлық. Сонымен қатар, емханалардағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету деңгейі атап өтерлік. Бұл әлеуметтік медицина бағыты әрдайым қолдауға лайық», - деп пікірін білдірген министр жекелеген аудандар талап үдесінен шыққанымен, жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізуде түйткілдер барына назар аударды. Мәселен, Көкшетау мен Степногорск қалаларында атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай шартсыз, адамға өз тағдырына жауапкершілікпен қарауға шақыратын жаңалықтарды қолданусыз төлене беруде.

«Біз таяуда үй-үйді аралап, өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз саналатын, ешкім оларға жарна төлемейтін 100 мыңға жуық адамды анықтадық. Міне, осы азаматтарды ең бірінші кезекте жұмыспен қамту бағдарламасына тарту керек. Аудандардағы қарқын жаман емес, дегенмен Көкшетауда 24 мың жаннан небары 883-і қамтылған, яғни 3,5%. Бұдан ұғатынымыз, уақыт аз қалды, тапшы. Бізді алаңдатқан аталмыш жайтқа өңірлердегі әріптестеріміз де көңіл бөліп, қажетті әрекеттерге кіріседі деген үміттеміз», - деп нұсқады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин де елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізін құраған халықты жұмыспен қамту мәселесі қоғам әлеуетін нығайтуда басты орында тұрғанына келісті. Дәл осы салада қазақстандықтардың өмір сүру жағдайы жақсарып, мүмкіндіктерге кең жол ашылуы тиіс.

Сәйкес кеңесте Ақмола облысы аудандары мен қалаларының әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жұмыс берушілер мен қаржылық институттар сарапшылары, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушылары ойларын ортаға салды.

21 шілде, 2017 - 16:45 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші