Тамара Дүйсенова Астана қаласындағы Әлеуметтік қызмет көрсету және Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын тексерді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Тамара Дүйсенова Астана қаласындағы Әлеуметтік қызмет көрсету және Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын тексерді

Астана әлеуметтік нысандар

Тамара Дүйсенова Астана қаласының әкімінің орынбасары Андрей Лукинмен бірге “Нұрлы жүрек” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен Халықты жұмыспен қамту орталықтарында болып, жергілікті атқарушы билік тарапынан азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бойынша жасалып жатқан жұмыс деңгейін бағалады.

Аталған мекемелердің іс-қимылымен танысу барысында Министр атқарылған істерге оң бағасын беріп, әрі қарайғы жаңғырту қадамдарына кейбір өзгертулер енгізуді кеңес етті.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барған кезінде, Тамара Дүйсенова, Министрліктің әлеуметтік қызметтерді дамыту саласында қол жеткізген нәтижелеріне тоқталды.

“Қазір біз әзірлеген әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту тұжырымдамасына кез-келген үкіметтік емес ұйым, барша қазақстандықтар, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары ұсыныстарын еркін енгізе алады. Жалпы бұл бағытта құрылымдық өзгерістер 2009 жылдан бері жүргізілуде. Жаңғырту белестерінің бірінші және екінші кезеңдерінде әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі кеңейіп, балалар психоневрологиялық интернат үйлеріне кезек жойылды. Сонымен қатар, қызметтерді көрсету оларды тұтынушылардың қасына жақындап, азаматтардың өздеріне қажет ұйымды таңдау мүмкіндігі қамтамасыз етілді”, - деп мәлім етті ведомство басшысы.

 Бүгінде, 110 медициналық-әлеуметтік ұйыммен қатар, арнаулы әлеуметтік қызметтерді 106 үкіметтік емес ұйым ұсынып, 6 мыңнан астам адам қамтылды.

“Егер де тиісті қызметтерге үкіметтік емес саланы тартпағанда, тағы да 60 интернат-үй салуға мәжбүрлік туындар еді, - деп атап өтті Тамара Дүйсенова ойын жалғастырып. - Сәйкес жылдарда 626 бала интернат-үйлерден отбасына оралып, оларды тәрбиелеп отырған 693 ана жұмысқа орналастырылды. Бәлкім, әзірге бұл үлкен көрсеткіш емес шығар, бірақ тұтас бір ошақтың болашағы, отбасының тағдыры үшін басты арқа сүйер меже екені анық”.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы “Нұрлы жүрек” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тұрақты негізде тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, заңдық және экономикалық тәрізді арнаулы әлеуметтік қызметтердің сегіз түрін көрсетуде. 2016 жылдың қазан айында Орталықта жартылай стационар сипатындағы күндізгі екінші корпус ашылған. Барлығы аталмыш мекемеде 250 адам әлеуметтік қызметтерді пайдалана алады. Бұдан тыс, 18 жастан асқан тұлғаларға жартылай стационар сипатындағы күндізгі бөлімнің тұсауын кесу жоспарланған. Осы арқылы белгілі бір дене шектеуі бар балалардың күтімімен айналысатын көптеген ата-аналарға жұмыс табылмақ.   

Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері жұмыс сұрап 8525 адам жүгінген. Оның 4763-і немесе 56 пайызы жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. 2686 адам тұрақты жұмыс орындарын еншілесе, әлеуметтік жұмыс орындарына 162 және жастар тәжірибесіне 409 адам жолданған. 1232 адам уақытша жұмысқа жіберіліп, 262 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқуға іліккен. Бүгінгі таңда Орталыққа тіркелген 1125 жұмыс беруші 8 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынуда.

Жұмыс іздеп келген 370 мүмкіндігі шектеулі жанның 305-і әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. Бұл жерде де азаматтар тұрақты жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, кәсіби оқу іспетті жұмыспен қамту санаттарына іріктелген.

27 шілде, 2017 - 12:44 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші