Тамара Дүйсенова Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің күндерін қорытындылады | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Тамара Дүйсенова Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің күндерін қорытындылады

ОҚО қорытынды

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірде бір аптадан астам уақыт өткен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің күндерін қорытындылады.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан-қалаларды аралап, әлеуметтік мәселелер бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Күнгейдегі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының, «Өрлеу» жобасының іске асырылу барысымен танысқан министр, облыстағы зейнеткерлер мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шаралар жайына, көші-қон мәселесінің атқарылу қарқынына да куә болды.

Министр Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ең алдымен, «Өрлеу» жобасына қатысушы шымкенттік тұрғын Айнұр Жаманқұлованың шаңырағында болды. Өз ісін ашып, жұмыс бастаған кәсіпкердің тігін цехі әйелдерге арналған сәнді киімдер тігумен айналысады. Т.Дүйсенова «Өрлеу» жобасына қатысушы азаматшаның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Кезекті нысан – «Стандарт Цемент» ЖШС ғимараты болды. Зауыт жұмысымен танысып, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушылармен әңгімелескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ондағы жұмысшылардың мәселелерін тыңдады.

Бүгінде 700-ге жуық жұмысшысы бар «Стандарт-Цемент» зауыты 2011 жылы құрылған. Цемент өндіріп, оны сатумен айналысатын серіктестік жылына 2 млн тонна өнім өндіреді. Мұндағы цемент өнімдері Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстанға саудаланады.

Министр аялдаған үшінші нысан Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы болды. Жұмыспен қамту орталығы 2011 жылы құрылған. Ал жаңа ғимарат 2016 жылдан бастап пайдаланылуда. Халықты жұмыспен қамту саласы бойынша қазіргі таңда мұнда 60-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Ғимараттың төменгі қабатында жалдамалы жұмысшыларға жағдай жасалынған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі шаһар жұртшылығын жұмыспен қамту саласына жауапты жетекшілермен тілдесіп, жұмысты одан әрі ширатуды тапсырды.

Сапар нәтижесі бойынша облыс әкімдігінде әлеуметтік саланың өзекті мәселелері бойынша жиын өтті.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін әрі қарай енгізу бойынша азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтау өзекті болып қалуда. Сонымен қатар, сәйкесінше Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жаңа Жұмыспен қамту бағдарламасына белсенді тарту қажет. Аз қамтылған отбасыларды көптеп «Өрлеу» жобасына жұмылдыра алсақ, келесі жылдан атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипатын іске қосуға да дайындық деңгейі соншалық жоғары болмақ», - деп нұсқаған Тамара Дүйсенова аудан әкімдерінің және өзге де жергілікті құзырлы мекемелердің уақытша науқандарға ұрынбай, жұмысты ұзақ мерзімге жеміс беретіндей сапалы жүргізуінің маңыздылығын атап өтіп, жалпы облыста тындырылған іс-қимылдарды оң бағалады.

«Министрлік делегациясы үлкен жұмыс көлемін атқарды бұл күндері. Тамара Қасымқызымен келісемін, азаматтарды тіркеу, деректерді жандандыру іс-әрекеттерін жылдың соңғы күніне дейін созудың қажеті жоқ. Жауапты мемлекеттік органдар барлық азаматтарды қамти алғаны жөн», - деп түйді өз кезегінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 64314 адамды қамту жоспарланып, жалпы 11,4 млрд теңге бөлінді. 2017 жылдың 1 тамызына 49,6 мың адам қамтылып, жылдық жоспардың 77% орындалған.

Атап айтқанда, бірінші бағыт (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) бойынша 2017 жылы 17695 адамды оқытуға 2 893,9 млн теңге қаралса, екінші бағыт (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) бойынша 2313 адамды қамту жоспарланып, 6400,0 млн теңге бөлінген.Үшінші бағытқа (Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту) 2 162,3 млн теңге қаржы бөлініп, 44 306 адамды қамту көзделген. 2017 жылдың 1 тамызына 36623 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілген. Оның ішінде, 20882 адам тұрақты жұмыспен қамтылға, 4494 уақытша жұмысқа тұрып, 5 893 адам әлеуметтік жұмыс орындарына (163%), 4 644 адам жастар тәжірибесіне жолданған (125,2%).

2014-2016 жылдары оңтүстіктен 152 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Облыстан қоныс аударған азаматтардың жермен, оның ішінде ауылшаруашылық жұмыстармен айналысуға және жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі үшін 2017 жылы Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерімен меморандумдар түзіліп, биылғы жылдың 20 шілдесіне 404 мүшесі бар 103 отбасы қоныс аударған.

Осымен бірге, жыл сайын, әлеуметтік қолдау шаралары аясында 7,8 мың зейнеткер мен мүгедекке ардагерлер үйінде оңалтау және сауықтыру көмегі жасалған. Оның үстіне, жыл аяғына дейін мүмкіндігі шектеулі 67 мыңға жуық адам әлеуметтік оңалту қызметтерімен және техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз етілетіні жоспарланып отыр.

2 тамыз, 2017 - 18:14 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші