Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері Мұнайлы ауданында болды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері Мұнайлы ауданында болды

Мұнайлы

«Маңғыстау облысындағы ҚР Еңбекмині күндері» акциясының екінші күні аясында Министрлік мамандары өңірдегі Мұнайлы ауданына барды.

Сапар барысында аудандық Мәдениет үйіне жиналған жергілікті халыққа зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында қолға алынған реформалар, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жайы жеткізіліп, 200-ге жуық адам қамтылды. Аталған шарадан соң азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдау өткізілді.

Жеке қабылдау кезінде 6 азамат Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша елдің солтүстік аймақтарына қоныс аударуға ниет білдірді (2 отбасыдан Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына). Аудандық Жұмыспен қамту орталығына тиісті жанұяларды көшіруге қатысты дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Өзбекстаннан көшіп келген 2 азамат еңбек еткен жылдарына байланысты зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін көтеріп, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасы байыпталды және жеке бас деректері құзырлы министрліктерге жіберілді. Сонымен қатар, Дәулет ауылында тұратын көпбалалы ана жұбайына мүгедектік тағайындауды және қаржылай көмек көрсетуді сұрап жүгінді. Бұл тұста Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысындағы департаментіне медициналық-әлеуметтік сараптамалық топтың көшпелі мәжілісін ұйымдастыру, ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне мұқтаж отбасының тұрмыстық жағдайын анықтау, 18 жасқа толмаған балаларға мемлекеттік жәрдемақы белгілеу мүмкіндігін қарастыру кеңес етілді.        

Әрі қарай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімшелері мен Жұмыспен қамту орталығының тыныс-тіршілігі назарға ілікті. Атап өтерлік жайт, Мемлекеттік корпорацияда әлеуметтік қызмет көрсетудің жеке секторы 2 терезе арқылы жұмыс істеп тұр. Оның мамандарына әдістемелік ұсынымдар жасалды.

Жұмыспен қамту орталығының да материалдық жабдықталуы жоғары дәрежеде. Оған ғимараттың талапқа сай болуы, қажетті ақпараттық мағлұматтардың қалыптасқаны дәлел. Орталық қызметкерлерімен жүздесуде азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтау, «Өрлеу» пилоттық жобасы мен Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын, жаңғырту қадамдарын іске асыру бағыттары талқыланды.  

Ағымдағы жылдың жеті айында «Өрлеу» жобасына 473 жаннан тұратын 89 отбасы қатысушы атанған. Бұл уақыт аралығында 726 адам жұмыспен қамтылған. Дегенмен, Еңбекмині өкілдері, әлі де жұмысты ширата түсу керектігін нұсқады.

Мұнайлы ауданында 1960 жылы туған 106 әйел өмір сүрсе, 39-ы жұмысқа орналастырылып, еңбек етуге құлшыныс танытқан 10 нәзік жанға жергілікті Жұмыспен қамту орталығының жәрдемдесетіні ұйғарылды.

Бұдан тыс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары Қызылтөбе ауылындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, «Өрлеу» жобасына қатысушылардың және де 1960 жылы туған әйелдердің үйін аралап, әлеуметтік-еңбек саласындағы тың бастамалардың мән-жайын түсіндірді.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы 3 млн теңге сомасында шағын несие алып, 9 жаңа жұмыс орнын құрған кәсіпкер әйелдің тігін цехында ұлттық киім әзірлеу жолға қойылған. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы орган тарапы дайын өнімді өткізу нарығына шығаруға қолдау жасамақ.

Аудан әкіміне міндетті зейнетақы жарнамасы мен әлеуметтік төлемдер жөнінде аударымдарды төмендетіп алған 6 кәсіпорынның мәліметі берілді.

14 тамыз, 2017 - 13:06 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші