X
egov

You are here

Астанада алғаш рет Қазақстанның Әлеуметтік қызметкерлер форумы өтті

форум

Бүгін Астанада алғаш рет Қазақстанның Әлеуметтік қызметкерлер форумы өтті. Алқалы құрылтай еліміздің үшінші жаңғыру кезеңінде маңызды орын алатын әлеуметтік саланы жаңғырту тақырыбына арналды.

Форумның мәртебелі меймандары Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Шимомура Норимаса және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевкси болса, Қазақстан жағынан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Вице-премьер Ерболат Досаев шараның мазмұнын арттырды.

Форумға Қазақстанның барлық аймағынан 600-ден астам әлеуметтік қызметкер, халықаралық сарапшылар мен елдегі белді халықаралық ұйымдар басшылары, Парламент депутаттары мен орталық мемлекеттік органдар өкілдері қатысты. Сонымен қатар, БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ, Көші-қон саласындағы халықаралық ұйымдар, ОБСЕ және тағы басқа да тараптар форумның сапалы өтуіне атсалысты.

Түске дейін Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы жобасының саналуан қыры сегіз талқылау алаңында сарапқа салынды. Әр жерде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс тәсілін жетілдіруден бастап еңбеккерлердің біліктілігін көтеруге дейін түрлі қызмет тармақтары әңгіме арқауына айналды.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың үшінші сатысында нақты көмекті күшейту, қалалық жерлермен бірге ауылдық елдімекендерде әлеуметтік әрі мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етіп, сапасын шыңдау мақсат тұтылған.

Бұл міндеттерді еңсеру арқылы мемлекет пен отбасы және азамат сияқты үштағанның ынтымақтастығын нығайту көзделген. 

«Қызметтерді мұқтаж жанның өтініш беруін тосып отырмай-ақ, өзіміз анықтауға күш салуға бекініп отырмыз. Осы орайда жергілікті жерлерде жәрдемге мұқтаж азаматтар қатарын айқындауды дамыта түсеміз. Нәтижесінде азаматтарға арналған Әлеуметтік регистр немесе қызметті алушының әлеуметтік төлқұжаты қалыптасады. Онда арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар және оларға әлеуметтік қызмет көрсету туралы толық ақпарат назарға ұсынылады.

Осымен бірге, әлеуметтік қызмет көрсету талаптары өзгертіледі. Бұл дегеніміз, қызметті алушылар сантүрлі санаттарға бөлінеді: жеке адам пен отбасы деңгейі және жас шамасын, өмір сүрудегі шектеулер, қиындықтар, тұлғаның өзіндік мұқтаждықтары, бәрі ескеріледі. Әрі қарай мақсатты азаматтар тобын әлеуметтік бейімдеу мен қолдауға бағытталған жайттар жіктеледі. Регистрдегі дерек негізінде жергілікті атқарушы органдар арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті, оларды қаржыландырудың қажетті көлемін анықтайды және атаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді», - деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Министр ауылдағы ағайынға кәсіпті еркін таңдау, қашықтықтан еңбек ету мен мамандандырылған жұмыс орны сынды әлеуметтік қызметтің кең ауқымы қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Еңбекмині отбасының қолы бос мүшелерін тарта отырып, үйдегі қызмет көкжиегін кеңейтуді де ұсынады. Осыған байланысты мақсатты азаматтар тобына тегін оқыту курстары ұйымдастырылатын болады. Үйде қызмет алатын жандар міндетті түрде мекенжайы бойынша медициналық-әлеуметтік мекемеге тіркелетіні қарастырылуда.

Мүгедек балалардың қамын күйттеуде интернат-үйлерде тәрбиеленуші бүлдіршіндерге патронаттық күтім тәжірибесін енгізу болжануда. Осы арқылы қонақжай отбасы институты өркендеп, екінші жағынан балалар қазіргі заман салтына бейімделмек.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін қолдану аясында, басымдықты ауылдық жерлерге берген райда, әлеуметтік қызмет көрсетудің сан-салалы шағын үйлерін құру қолға алынбақ. Бұл бағытқа, әсіресе, үкіметтік емес сала қолдау танытуда. Бұл тұста әлеуметтік қызметкерлер, еріктілер мен пошта қызметкерлері арқылы «жедел қызметтер» арнайы техникалық жабдықтар, тазалық құралдар секілді қажетті заттарды жеткізу мәселелерін шешумен айналысатыны жоспарлануда.

Тұжырымдамада қызмет стандарттары мәселесіне айрықша назар аударылған. Бүгінде бар стандарттар өмір сүру деңгейінің жақсаруы, жаңа технологиялардың қолданысқа енуі мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынылуы тәрізді жайттарды ескере отырып, жетілдірілмек. Тарифтер де бірыңғай ретке келтірілмек.

Барлық мақсат-міндеттер жүзеге асыруда, мемлекет тарапы реттеуші және бақылаушы қызметті сақтап, тұтынушылар құқығын қорғауды назарда ұстамақ. Тиісінше әлеуметтік қызметкерлерді қайта даярлау зәрулі туындайтыны аян.

Бұл жағдайда үздіксіз кәсіби білім беру жүйесі жанданып, әлеуметтік қызметкерлерді оқыту стандарттары жан-жақты салмақталады. Оқуды аяқтаушылардың біліктілігін бағалауда тәуелсіз бағамдау жүйесі кәдеге жарап, нәтижесінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеу құқығын беретін сертификаттар табысталады.

Әлеуметтік қызметкерлердің бірыңғай деректер қорына тек өзекті мәліметтер орналастырылады. Осының арқасында қызметті тұтынушылар әлеуметтік қызметкерлерді таңдай алып, мамандардың жалақысы мен өзара бәсекелестігі көтеріле түспек.

22 қыркүйек, 2017 - 18:46 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші