Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еңбек күніне және Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай» республикалық форумы болып өтті | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еңбек күніне және Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай» республикалық форумы болып өтті

форум еңбек

Салтанатты жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысты.

Аталған шара аясында Еңбек күніне арналған фотокөрме, «Еңбек жолы» мен «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, еңбек ардагерлеріне  құрмет көрсетілді. 

Еске сала кету керек, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыру аясында Мемлекет басшысының Жарлығымен Еңбек күні мерекесі бекітілді.

Аталған мереке өзінің адал еңбегімен егемен Қазақстан экономикасының дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан еңбеккерлерге алғыс білдіруге арналған.

Форум барысында Қазақстан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосқан 8 ардагер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова алғаш болып КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегеноваға «Еңбек ардагері» медалін табыстады.

 – Біз 2014 жылдан бастап Еңбек күнін атап өтеміз. Бұл мереке – отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ететін халықтың еңбегіне деген құрметтің белгісі. Сондай-ақ бұл күн әлеуметтік және экономикалық жетістіктерімізді дәріптеуге арналған. Еліміздің әрбір азаматы адал, риясыз, өнімді еңбектің маңыздылығын санасына сіңіруі керек. Сонда ғана Қазақстан әлемдегі озық елдердің қатарына қосылады. Келешекте ұлттың табыстылығы адами капиталдың сапасымен өлшенеді, – деді Мемлекеттік хатшы.

Келесі марапатталған медициналық ғылымдарының профессоры Мақаш Алияқпаров денсаулық сақтау саласында 49 жыл еңбек етіп, көптеген ғылыми еңбектер жазған. Бұл марапатқа, сондай-ақ, Қаншай Жолдыбаева, Серікбол Оңалов, Әнуар Түкенов, Жәкен Таймағамбетов, Николай Удалов, Сергей Чекалин тәрізді аға буын өкілдері ие болды.  

Осыдан соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз алды.

 – Бүгін еліміздің экономикасының түрлі салаларында қызмет етіп келе жатқан 8,5 млн астам азаматтардың айтулы мерекесі. Елбасы өзінің «Жалпыға ортақ: Еңбек қоғамына жиырма қадам» атты мақаласында әлемдік өркениеттің барлық құндылығы, барлық экономикалық және мәдени байлығы виртуалды қаржы институттарының емес, адамның еңбегімен жасалады деген болатын. Расында да, егемендігімізді алғаннан кейінгі ширек ғасырға көз жүгіртетін болсақ, елімізде 7,5 мың шақырым жол салынып, 113 млн шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілсе, 3000-ға жуық мектеп пен денсаулық сақтау нысандары салынды. Ал өндірілген жалпы ішкі өнімнің көлемі 1993 жылғы 29,4 млрд теңгеден былтыр 47 трлн теңгеге дейін жетті. Осы нәтижелердің арқасында бүгінде Қазақ елін әлемдік қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретінде танып отыр. Бұл мереке еңбекші азаматтардың ғана емес, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған 2,5 миллионнан астам еңбек ардагерлерінің де төл мерекесі, – деді министр.

«Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын ілгерілету үшін, 2016 жылы Министрлік еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлерінің арасында өткізілетін «Еңбек жолы» республикалық байқауын жариялағаны белгілі.

Салтанатты жиында байқау аясындағы «Үздік еңбек әулеті» болып Ақтөбе облысындағы теміржол саласында 423 жыл шежіресі қалыптасқан Жұбанышевтар әулеті атанса, «Жас ұрпақты еңбекке ерекше баулығаны үшін» арнайы атағын Қазақстанның Еңбек ері Иван Сауэр Батыс Қазақстан өңірінің электр маманы Тілек Харинге табыстады. «Өндірістің үздік жас жұмыскері» атағы мектеп мұғалімі Нұрсұлтан Аббасинге берілді.  «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» атағын Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі Нұржамал Төлеуова еншіледі.

Сонымен қатар, мерекелік шарада, Еңбек күні қарсаңында әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Олар «Зейнетақы жүйесінің үздік қызметкері», «Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Медициналық-әлеуметтік мекеменің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым», «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері», «Әлеуметтік саланың үздік ұйымдастырушы-менеджері», «Медициналық-әлеуметтік сараптаманың үздік қызметкері» және «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» атты тоғыз аталым бойынша марапатталды.

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні Мемлекет басшысының 2011 жылдың 20 қазанындағы Жарлығымен бекітілген болатын. Бұл Елбасының зейнеткерлердің игілігіне қызмет етіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға баға жетпес көмек көрсетіп отырған азаматтарға деген құрметі мен қамқорлығы саналады.

Жалпы алғанда, республикалық форумға еліміздің барлық аймақтарынан 700-ден аса адам қатысты.

27 қазан, 2017 - 19:48 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші