«Әлеуметтік Экспресс» мобильді қызметі Маңғыстау облысының шалғай елді мекендерінде жұмыс істейді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

«Әлеуметтік Экспресс» мобильді қызметі Маңғыстау облысының шалғай елді мекендерінде жұмыс істейді

Маңғыстау облысы

Облыста жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы реформасын жетілдірудің негізгі қағидалары туралы ақпаратты-түсіндірме жұмыстары кең көлемде жүргізілуде.

«Әлеуметтік Экспресс» жобасы әлеуметтік-еңбек саласында болатын өзгерістер туралы шалғай елді мекендердегі тұрғындарды ақпараттандыру үшін құрылған.

Бұл мобильді қызмет құрамында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, жұмыспен қамту орталығы және т.б. мамандары бар.

Түсіндірме жұмыстарын жүргізу кезінде мамандар Ноғайты, Тұрыш, Ақжігіт секілді  20-ға жуық аудан орталықтарынан алыс елді мекендерде болды. Жекелеп келгенде мобильді топ мүшелері әлеуметтік төлемдерді қалай ұйымдастыру туралы кеңестер берді.

Жалпы алғанда, биыл Маңғыстау облысы бойынша «Өрлеу» жобасын іске асыруда  411-ден астам отбасы немесе 2200 адам қатысты. Берілген қайтарымсыз ақшалай көмектің жалпы көлемі 97, 5 млн.-нан астам теңге болды. 

Бұл шаралар аз қамтылған азаматтардың жан басына шаққандағы орташа табысын 3,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Мұның алдында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қарағанды облысы аудандарының біріне жасаған жұмыс сапары барысында атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасының негізгі қатысушылары ауылдық округтер мен аудан орталықтарының тұрғындары екенін атап өткен еді.   

Еске сала кетерлігі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртуға бағытталған бірқатар шаралар енгізілді. Бұл Елбасының Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» халыққа жолдауында кеңінен қамтылған болатын.

Сонымен, 2018 жылдың 1- қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта екі түрде беріледі. Қайтарымсыз және шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасаған жағдайда күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен адамдар мен отбасыларға беріледі.   

1 – қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы өзгереді. Бүгінге дейін оның көлемі 24 459 теңге болса, енді ол 16%-ға көбейеді. 

Базалық зейнетақыны тағайындау әдісіне де өзгерістер енеді. Егер бүгінгі күні базалық зейнетақы төленгенде адамның еңбек өтілі ескерілмейтін болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне қарай тағайындалады.

11 желтоқсан, 2017 - 10:25 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші