ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың ОҚО студенттерімен кездесуіне Еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова қатысты | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың ОҚО студенттерімен кездесуіне Еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова қатысты

Жұмыс сапары

ОҚО-ға іс-сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев студент жастармен кездесіп, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын талқылады.Сонымен қатар, жастар саясаты мен әлеуметтік саясаттағы өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды. Атап айтар болсақ, маман дайындау, қайта дайындау, техникалық мамандықтарға мемлекеттік гранттар санының көбейтілуі, еңбек нарығындағы өзгерістер мен автоматтандыру, цифрландыру дәуірінде мамандар игеруі тиіс дағдылар, кәсіпкерлікті несиелендіру механизмдері, үштілді білім беру реформасы, жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері.

2018 жылы еңбек нарығын дамытудың негізгі бастамалары мен Үшінші жаңғыру аясында ведомство алдындағы қандай міндеттер тұрғанын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова баяндады. Алдағы жылдары еңбек нарығы үш маңызды трендтің әсерімен күрт өзгереді: цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу, демография мен бизнес-ортаны өзгерту.

 «Өзгерістерге толы әлемде өзіміздің орнымызды тауып, экономиканың болашақтағы талаптарына икемделу үшін қазірден бастап қамдануымыз керек» - деді Министр.

Осыған байланысты Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі жаңа экономиканың бес негізгі бағыты бойынша 2018 жылы еңбек нарығын басқару бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл - жаңа экономикаға жаңа формациядағы мамандарды жоспарлап, жорамал жасау, жаңа экономикаға қажетті маман дайындау сапасын арттыру, экономика салаларындағы қызметкерлердің еңбек өнімділігін күшейту, еңбек ресурстарының ағымын басқару, жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі қамтитын адамдарды жаппай кәсіпкерлікке тарту.

 «Салаларды дамытуға болжам жасап, жаңа экономикаға қажетті мамандарды анықтау мақсатында 2030 жылға дейінгі жаңа кәсіп Атласы дайындалады. Бұл жастарды навигатор секілді бағыттап, жол көрсетеді» - дейді Мәдина Әбілқасымова.

Студенттермен кездесуде еңбек Министрі ЖОО мен колледждерде әрбір шәкіртке дербес жағдай жасалуы керектігін айтты. Бұл ретте олардың тұлғалық қасиеттері мен кәсіби саладағы қабілеттері ескерілуі қажет.

Төртінші өнеркәсіптік революция аясында Еңбек өнімділігін арттыру талаптарын ескере отырып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы және ел аумағындағы қызметкерлерді  «өмір бойы оқыту» принципін ұстануға баулу керек. Бұл ретте басты міндет жұмысберуші/кәсіпорынға жүктеледі. Олардың базасында мемлекеттің қолдауымен оқу орталықтары ашылады.

«Жергілікті жерлерде, соның ішінде ОҚО-да аймақтық штабтар құрылып, ірі кәсіпорындармен Жол картасы жасалады. Мұнда қысқартылған жұмысшыларды қайта оқытуға бірлескен инвестиция құйып, оларды болашақта жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылады. Қазіргі таңда Жол картасына республиканың 225 ірі кәсіпорны қол қойды. Бұл мекемелерде шамамен 250 мың адам жұмыс істейді. Сонымен қатар ірі 400 кәсіпорынмен келіссөз жүргізілуде» - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.

ОҚО-дағы 53 кәсіпорынның әрқайсысында 500-ден астам адам еңбек етеді. Бірақ 19 мекемеде қысқарту болуы мүмкін. Олардың 12-сімен Жол картасы бекітілді.

 

 

29 наурыз, 2018 - 17:37 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші