X
egov

You are here

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ресімдеу процесі жалғасуда

Үкімет отырысы

Бүгін Үкімет отырысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ресімдеуге арналған Жол картасын жүзеге асыру мәселесі қаралды.

Еске салайық, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәртебесін өзектендіру еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілуде.

Елдегі мәртебесі анықталмаған адамдардың басым бөлігі 4 аймақта шоғырланған. Олар – ОҚО (20%), Алматы облысы (16%), Алматы қаласы (8%) және ШҚО (7%).

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жыл басынан бері мәртебесі жоқ 2,7 миллион адамның бүгінгі күні 607 мыңының мәртебесі анықталды.

«Жол картасын жүзеге асыру нәтижесінде 193 мың қызметкер ресімделіп, еңбек келісімшарттары жасалды, олар міндетті зейнетақы жарналарын төлей бастады, 12 мың кәсіпкер өз қызметін салық органдарына тіркеді. Қазіргі уақытта шамамен 2,1 млн-ға жуық азаматтың мәртебелері анықталмай отыр», - деді министр.

Тұрғындардың мәртебесін өзектендіру жұмыстары Оңтүстік Қазақстан облысында айтарлықтай жүргізіліп, 101 мың адамның мәртебесі жаңартылды. Алматы облысында шамамен 86 мың тұрғын анықталды. Сонымен бірге, осы аталған аймақтарда мәртебесі жоқ азаматтардың басым көпшілігі шоғырланған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты рәсімдеу жұмыстарын жетілдіру үшін Еңбек министрлігі жаңадан егжей-тегжейлі сауалнама әзірледі. Мұнда азаматтардың әлеуметтік мәртебесі анықталады, жұмыспен қамту саласы таңдалып алынады, одан әрі мемлекеттік органдардың базасында өзектендіру жұмыстары жүргізіледі.

Мәртебені анықтаудың жаңа 4 каналы әзірленді. Біріншісі e-Gov электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асады. Одан кейін 1414 бірыңғай байланыс орталығы және халыққа қызмет көрсету орталықтары мен медициналық мекемелер сияқты халыққа қызмет көрсететін ұйымдар, соңғы төртіншісі - мобильді СМС-тер арқылы хабарландыру тарату.

«Тұрғындар арасында міндетті зейнетақы жарнасы жоқ қызметкерлердің айтарлықтай үлесі барын ескере отырып, әкімдіктер «Еңбек келісімшартын жасаңыз» шарасы шеңберінде белсенді түрде жұмыс істеуі қажет», - деп атап өтті еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова.

Бұл шара осы азаматтардың жұмыс орнын, олардың жұмыс берушілерін анықтау, келісімшарттар жасауға жәрдемдесу, құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша нақты іс-әрекеттерді қамтиды.

Сонымен қатар, осы жылдың мамыр айында Еңбек министрлігі қызметкерлер үшін сенім телефонын іске қосуды жоспарлап отыр, яғни жұмыс берушілердің заң бұзушылық фактілері туралы тікелей хабарлауға мүмкіндігі болады.

Тіркеуді жеңілдету және бейресми жұмыспен қамтылған халық қызметін заңдастыру үшін жаңа арнайы салық режимі- Бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылады. Ол 4 төлемді (жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру жарналарын) біріктіреді.

Бірыңғай жиынтық төлемі автоматты түрде қызметті тіркеуді, медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы жүйесіне қатысуды білдіреді.

Сондай-ақ, мәртебесі анықталмаған адамдардың көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар болып отыр. Олармен жергілікті әкімдіктер Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жұмыс істеуде.

Биыл осы бағдарлама бойынша 571 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Дәл қазір 123 мың адам жұмыспен қамтылған.

Еңбеккерлерді рәсімдеу бойынша Жол картасының маңызды бөлігі еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту, сол арқылы азаматтардың нәтижелі жұмысқа қол жетімділігі қамтамасыз етіледі.

2018 жылдың 1- қаңтарынан бастап Қазақстан бойынша Электронды еңбек биржасы іске қосылды. Дәл қазір бұл портал «Бос жұмыс орындарын» ұсынатын сайттар арасында 2-ші орында, ал елдегі барлық сайттар ішінде 74-орынға тұрақтады.   

Осы интернет желісі арқылы 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты және оған 28 мың жұмыс беруші тіркелді.

17 сәуір, 2018 - 18:38 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші