X
egov

You are here

Жыл басынан бері 317 адам өндірістік жарақат алды

брифинг ЕХӘҚМ

Бұл туралы бүгін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінде өткен баспасөз мәжілісінде белгілі болды.  

Шараға министрліктің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов қатысты.

Комитет басшысының сөзінше, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) соңғы мәліметтеріне сай, өндіріс басында және жұмысқа байланысты аурулардан жыл сайын 2,78 млн жұмысшы көз жұмады.

Олардың 2,4 млн-ы (86,3 пайызы) жұмысқа байланысты аурулардан қайтыс болады, ал 380 мыңы (13,7 пайызы) – өндірістегі оқыс жағдайдан қаза табады екен.

Ақмәди Сарбасов 2017 жылы еңбек құқының сақталуына байланысты тексерілген қазақстандық кәсіпорындардағы 1,7 млн. жұмысшының 370 мыңы немесе әрбір төртінші қызметкердің (23,0%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтінін жеткізді.

«Әрбір екінші қызметкер (44,2%) жұмыс орнында аса шулы (вибрация) жағдайында еңбек етеді.  Ал, әрбір үшінші еңбеккер  (33,7%) жұмыс орнында газ бен шаң мөлшерінің белгіленген нормадан көп жағдайына тап болады. 84,6 мың адам ауыр жұмысқа жұмылған (бұл зерттелген кәсіпорын қызметкерлерінің 5,1%)», - деді Ақмәди Сарбасов.

Сонымен қатар Комитет басшысы мемлекеттік қадағалаудың басты бағыттарының бірі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналғанын баяндады. Төраға соңғы үш жылдың ішінде зардап шеккендердің саны азаю динамикасына назар аударып, бұл көрсеткіштің 16% төмендегеніне ерекше тоқталды.

Тау-металлургиялық кешендерінде жапа шеккендер қатары 16,0%, ал құрылыс саласында 15,2% құрайды.

2018 жылдың бірінші тоқсанында өндірісте зардап шеккендердің саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 % төмендеп, 317 адамды құрады.

Еңбек кодексінде құрамына жұмысберушілер мен жұмысшылардың өкілдері кіретін Өндірістік кеңестерді құру қажеттігі қарастырылған.  Күні бүгін осындай 12 мыңнан астам кеңес құрылды. 

Мемлекеттік қадағалау нәтижелері көрсеткендей, соңғы 5 жылдың ішінде анықталған заңбұзушылықтардың 30% астамы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласына тиесілі. 2017 жылдың қорытындысы бойынша аймақтардағы мемлекеттік еңбек инспекторлары 9920 тексеру жүргізіп, 14892 заңбұзушылық анықтаған. Олардың 4112-сі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ісіне қатысты. Мемлекеттік инспекторлардың талабымен жұмысберушілер 298 лауазымды тұлғаны қызметінен босатқан. 22 қондырғы мен кәсіпорынның жұмысына тыйым салынып, 15 ұйымның қызметі тоқтатылды.

Баспасөз мәжілісінің соңында Комитет басшысы «Еңбек қорғау және өнәркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2018» VIІІ халықаралық көрмесі» туралы да айтты. Бұл шара 26-27 сәуірде Астанада өткізіледі. Екі күннің ішінде көрмеге мемлекеттік органдардың, бизнестің, қоғамдық ұйымдардың өндіріс орындарында апатты жағдайлар мен жарақат алуды азайту бағытындағы мәселелері қаралады. Сонымен қатар қоршаған орта мен қоғамға тиер зиянды азайтып, кәсіби аурулардың алдын-алу және еңбек өнімділігін арттыру ісі де талқыға түседі. Еңбек қауіпсіздігіне жағдай жасап, өндірістік жарақат алуды төмендету - ҚР Үкіметі мен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің басты міндеттерінің бірі.

19 сәуір, 2018 - 11:29 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші